Монумент туралы

«Бәйтерек» монументі – Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласының нышаны, әрі басты көрнекті орындарының бірі.

Монументті салу идеясы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Бәйтеректің дәл қазіргі қалпы туралы ой Нұрсұлтан Әбішұлына кезекті сапар барысында келді. Көптен көкейінде жүрген арманы кенеттен қарапайым қағаз майлықтың бетіне футуристикалық сурет болып түседі.

monum 01

Бәйтерек – ежелгі көшпенділердің ғалам құрылымы туралы идеясының материалдық көрінісі. Ол үш қабаттан тұратын жер асты, жер үсті және аспан әлемдерін біріктіретін Тіршілік ағашын бейнелейді. Жер асты әлеміне Бәйтеректің тамыры, жер үсті әлеміне оның алып діңгегі, ал аспан әлеміне оның жайқалған жапырақтары сәйкес келеді.

Аңызға жүгінсек, Тіршілік ағашының ұшар басын киелі Самрұқ құсы мекендейді. Оның ұясында – айналасына өмір мен үміт жарығын шашқан Күнді белгілейтін алтын жұмыртқа бар. Бәйтеректің түбінде жұмыртқаны қарпып қалғысы келетін Айдаһар жасырынған. Осылайша архитектуралық құрылым жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның арасындағы толастамайтын күресті бейнелейді.

monum 02

105 метр биіктіктегі монументтің металл конструкциясының салмағы 1000 тоннадан асады және 500 бағанаға орнатылған. Кешеннің үстіңгі жағында орналасқан алып шардың диаметрі - 22 метр. Ол күн сәулесінің түсуіне және ауа температурасына байланысты түсі өзгеретін «хамелеон» шыныдан жасалған. Ғимараттың жерасты бөлігі 4,5 метр тереңдікте орналасқан.

monum 03

Келушілер панорамалық лифтілермен жоғары қабатта орналасқан кең әрі жарық шолу алаңдарына көтеріліп, алып Бәйтеректің ұшар басынан қала көрінісін тамашалап, нысан туралы толық ақпарат ала алады.

Келушілердің назарына ұсынылатын негізгі экпонаттар - «Аялы алақан» және «Бата» композициялары.

monum 04

«Аялы Алақан» композициясы еліміздің Тұңғыш Президенті –Нұрсұлтан Назарбаевтың оң алақанының қолтаңбасын бейнелейді. Бұл - Қазақстан халқының жер шарындағы тыныштық пен бейбітшілікке аялай қарауының белгісі. Бедерлеме 97 метр биіктікте орналасқан. Бұл Астананың (қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласының) Қазақстан елордасы болып жарияланған жылды білдіреді. Халық арасында алақан бедеріне қолын қойып, тілек тілеген адамның арманы міндетті түрде орындалады деген сенім бар.

monum 05

«Бата» композициясындағы «Бейбітшілік пен татулық өлкесі – Қазақстан ақ батаға бөлене берсін» деген жазудың астында 2003 жылы Астанада жиналған 17 әлемдік діни конфессия жетекшілері этносаралық және дінаралық келісімнің қазақстандық үлгісін мойындау және қолдау белгісі ретінде өз қолтаңбаларын қалдырған.

Қазақстандықтар Бәйтеректі өздерінің тарихи тамырларын сақтап қалған, мықты тірек пен мемлекеттің болашақта өркендеуіне деген ұмтылыспен теңейді.

«ТурСтат» сараптама агенттігінің мәліметтері бойынша, Бәйтерек ТМД аумағындағы романтикалық орындардың бестігіне еніп отыр. 

Америкалық Pop Chart Lab студиясы дайындаған дүниенің төртбұрышындағы 90 керемет ғимараттардың тізімінде Бәйтерек 4-ші орынға ие.